Жаңалықтар

Сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң (бұдан әрі – Конституциялық заң) мынадай субъектілерді: сенім білдірілген адамдарды; саяси партиялардан, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан байқаушыларды; шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушыларды; қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін; шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін сайлау процесіне қатысушылар деп таниды.

Сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтары мен міндеттері Конституциялық Заңның 20, 20-1, 20-2, 31-баптарында көзделген.

Аталған құқықтар мен міндеттер Кишиневте жасалған 2002 жылғы 7 қазандағы «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы» Конвенцияның, 1990 жылғы «ЕҚЫК (ЕҚЫҰ) Адами өлшем жөніндегі Конференциясының Копенгаген кеңесі құжатына», Демократиялық сайлау жөніндегі кеңестің 31-ші отырысында және Венеция комиссиясының 85-ші пленарлық сессиясында бекітілген «Сайлаудағы байқаушылардың халықаралық танылған мәртебесіне қатысты басшылыққа алынатын қағидаттарға» толық сәйкес келеді.

Дауыс беру күні осы адамдардың құқықтарын іске асыру тиісті сайлау комиссиялары оларды тіркеген кезден басталады.

Аталған субъектілерге сайлау процесіне қатысушылар болу өкілеттіктерін оларды сайлау учаскелеріне жіберетін нақты ұйымдар беруі тиіс. Бұл өкілеттіктер заңнамаға сәйкес ұйымдар беретін және ресімдейтін құжаттарда көрсетіледі. Сонымен бірге материалдық құқық нормаларына сәйкес құжат дегеніміз ақпараттың материалдық тасымалдаушысы деп ұғынылады, онда баяндалған мәліметтер ұйымның заңды түрде белгіленген құзыретке ие өз органы арқылы ерік білдіруін көрсетеді. Бұл құжаттар тиісті сайлау комиссияларына тапсырылуға тиіс.

Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықта (Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген) белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі.

Қазақстан Республикасының саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан байқаушының өкілеттігі оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушыны тіркеу үшін ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы ұсынылады.

Осылайша, сайлауды байқау функциясын өзіне алатын жеке тұлғалар тиісті заңды тұлғалардың (Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының, халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының) өкілетті өкілдері болып табылады. Бұдан туындайтыны, заңды тұлғалар жеке тұлғалардың нақты сайлау учаскелеріндегі сайлауды байқау жөніндегі өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ресімдей отырып, заңды іс-әрекет жасайды, оның құқықтық салдары тиісті сайлау комиссиялары тіркегеннен кейін олар уәкілеттік берген адамдар жариялы-құқықтық (сайлау) қатынастардың қатысушылары болады. Аталған жағдайда заңды тұлғалардың сайлау процесіне жанама қатысуының белгілері байқалады. Бұл жеке тұлғаларға сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болу өкілеттіктерін беру туралы шешім қабылдаған кезде заңды тұлғалар тарапынан екшеленген тәсілдің қажеттігін жорамалдайды.

Заңды тұлға қызметін жүзеге асыру немесе іс-әрекеттер жасау үшін, оның ішінде сайлау саласы үшін құқықтық салдары болуы мүмкін іс-әрекеттер жасау үшін құқықтық қабілетке ие болуға тиіс.

Заңнамалық актілер заңды тұлғаның құқық қабілеттілігін тиісті құқықтарға ие болу және міндеттер атқару мүмкіндігі ретінде айқындайды.

Заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылған болып есептеледі (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 42-бабының 3-тармағы), заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол құрылған кезден басталады және оны тарату аяқталған кезден бастап тоқтатылады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 35-бабының 2-тармағы).

Тиісінше, заңды тұлғаның жеке тұлғаға сайлау құқықтық қатынастарының әлеуетті қатысушысы өкілеттіктерін бере алатын субъект ретіндегі құқықтық қабілеттілігі оның мемлекеттік тіркелу фактісімен расталуға тиіс.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабында заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін (қайта тіркелуін), филиалдың (өкілдіктің) есептік тіркелуін (қайта тіркелуін) растайтын құжат Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама болып табылады. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың нысаны Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығымен бекітілген «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен (10-қосымша) регламенттелген.

Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін растаумен қатар оның қолданыстағы мәртебесі фактісін белгілеу, яғни оның қызметін тоқтата тұрудың болмауы, оған қатысты тарату рәсімдерінің басталмауы талап етіледі.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдардың нормаларынан сайлауды байқау үшін адамдарды жіберетін субъектілер қызметін өздерінің құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асыратыны туындайды.

Азаматтардың саяси ерік-жігерін білдіру және өкілді органдарды құруға қатысу үшін құрылатын саяси партияны қоспағанда, сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі, сайлауды байқау үшін адамдарды жіберуді қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғысында көзделуге тиіс.

Бұл ретте сайлауды байқау үшін адамдарды жіберетін субъектінің қызметі оны құру мақсаттарына сәйкес келуге тиіс, өйткені Азаматтық кодексте (41, 106, 107-баптар) олардың құрылтай құжаттарында нысанасы мен мақсатын көрсетудің міндеттілігі туралы нормалар көзделген.

Осылайша, коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде қоғамдық бірлестіктердің жарғыларында заңмен тыйым салынбаған басқа қызметті көрсету кез келген қызмет түрімен айналысу мүмкіндігін білдірмейді. Мұндай ұйымдар қызметінің мәні олардың қол жеткізуі үшін құрылған мақсаттарымен байланысты. Демек, ұйымдар азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға және қорғауға қатысты жарғылық мақсатына сәйкес келетін жағдайда адамдарды сайлауды байқауға жібере алады.

Жоғарыда айтылғандардан сайлау процесіне қатысу, сайлау учаскелеріндегі сайлауды байқау және тұтастай алғанда азаматтардың саяси құқықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер ұйым жарғысының көшірмесімен расталуы тиіс екені туындайды.

Партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар заңнамалық деңгейде мемлекеттік емес заңды тұлғалар ретінде айқындалған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 37-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлға азаматтық құқықтарға ие болады және өзіне міндеттерді заң актілері мен құрылтай құжаттарына сәйкес әрекет ететін өз органдары арқылы ғана қабылдайды.

Олардың қызметіне «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысының талаптары қолданылады.

Көрсетілген Қағидалардың 31-тармағына сәйкес ұйымның құжаттарына қол қою құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына, ұйымның құрылтай құжаттарына, ұйым басшысының ұйым атынан белгілі бір іс-әрекеттерді орындауға өкілеттік беру туралы өкімдік құжаттарына немесе сенімхаттарға сәйкес айқындалады.

Тиісінше, сайлауды байқау үшін жеке тұлғаны жіберген заңды тұлғаның құжатына өкілетті тұлға қол қоюы керек, оның өкілеттіктері аталған құжаттардың бірімен расталады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжат жеке тұлғаға берілетін өкілеттіктердің шекараларын (тұлғаға қай сайлауды байқау үшін уәкілеттік берілді; сайлау учаскесін және ол жіберілетін сайлау комиссиясының атауы көрсетілсін), осы тұлға туралы мәліметтерді (тегі, аты және әкесінің аты) нақты айқындауға, сондай-ақ өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін шектеулердің жоқтығы туралы жазбаны қамтуға тиіс.

Конституциялық заңның 31-бабының 4-тармағына сәйкес сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс, ол қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адам бола алмайды.

Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағында шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалар мен халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін және (немесе) ықпал ететін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынатыны көзделген.

Аталған нормативтік шектеуден және сенім білдірілген адамдарға қойылатын талаптан Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де қоғамдық бірлестіктерінен, коммерциялық емес ұйымдарынан байқаушылар үшін де Қазақстан Республикасының азаматтығы болу міндеттілігі туындайды.

Сайлау комиссиясының мүшесі өзіне Конституциялық заңмен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен жүктелген сайлау функцияларын орындайды, сондықтан қолданыстағы заңнаманың мәні бойынша ол сенім білдірілген адам және байқаушы бола алмайды.

Конституциялық заңның 31-бабының 2-тармағына сәйкес партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда айқындайды және олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.

Көрсетілген норма негізінде партиялық тізімін ұсынған әрбір саяси партияның әрбір өкілді органға – Парламент Мәжілісіне, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, қаланың мәслихатына сайлауда сенім білдірілген адамдарының тізімін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тіркеуге беруге құқығы бар.

Конституциялық Заңның 20-бабының 8-тармағына сәйкес дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін бір мезгілде партиялық тізімін ұсынған әрбір саяси партиядан бір сенім білдірілген адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір өкілден және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан бір байқаушыдан қатысуға құқылы.

Конституциялық заңның 20-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес байқаушылар сайлау комиссиясының отырысына қатысуға құқылы.

Бұл құқықты байқаушылар өз қызметін дауыс беру күні және өзі ұсынған құжаттар негізінде өзі тіркелген сайлау учаскесінде ғана жүзеге асыруға құқылы екенін көздейтін Конституциялық Заңның 20-бабы 8-тармағының және 20-1-бабы 1-тармағының нормаларын ескере отырып пайдаланған жөн. Бұл нормалар байқаушының тек сайлау күнгі және нақты сайлау учаскесіндегі өкілеттіктерін алдын ала айқындайды. Бұл байқау дауыс беру және дауыстарды санау кезінде сайлау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету шараларының бірі болып табылатындығына байланысты. Тиісінше, байқаушылар дауыс беру күні тиісті учаскелік сайлау комиссиясының отырыстарына қатысуға құқылы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 2-тармағы заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқық береді.

Конституциялық заңның 20-1-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы ұлттық байқаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото-, дыбыс- және бейнежазбалар жасау құқығын береді.

Бұл құқықты жүзеге асыру адамның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ Конституциялық заңда бекітілген дауыс беру құпиясын сақтау қағидатына қол сұға алмайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке басының және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройын қорғауына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.

Конституциялық заңның 8-бабына сәйкес Президентті, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауда дауыс беру сайлаушылардың ерік білдіруіне қандай да бір бақылау жасау мүмкіндігін болғызбайтын құпия болып табылады.

Бұл ретте қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ. Басқа адам бейнеленген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) жариялауға, қайта шығаруға және таратуға бейнеленгеннің келісімімен ғана жол беріледі (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 145-бабы).

Мұндай тәсіл субъектінің келісімімен еркін қол жеткізуге болатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын дербес деректер туралы заңнаманың талаптарына да негізделген («Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы).

Тиісінше, фото -, дыбыс- және бейнежазба, сол сияқты байқаудың өзі дербес деректердің, оның ішінде сайлаушылар тізімінің, толтырылған бюллетеньдердің және т.б. құпиялылығы сақталатындай етіп жүзеге асырылуға тиіс.

Баяндалғандардан фото- және бейнежазбаны жүзеге асыру дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып, адамдарды тиісті хабардар еткен кезде ғана жүргізілуге тиіс екені және азаматтардың бейнесін олардың келісімін алғаннан кейін пайдалануға болатыны туындайды.

Конституциялық заңның 20-1-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес байқаушы сайлау комиссиясы төрағасының сайлау учаскесіндегі тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға міндетті екенін де ескеру қажет.

Учаскелік сайлау комиссиясы Конституциялық заңның 20-1-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген байқаушылардың құқықтарын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында фото-, дыбыс- және бейнежазбалар жүргізілетін байқау аймағын айқындауға тиіс.

Бұл ретте «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото-, дыбыс- және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санат болып табылмайды. Осыған байланысты учаскелік сайлау комиссиясы мен байқаушылар заңнаманың сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге жол бермейтінін ескеруі қажет.

Байқаушының функциясы – дауыс беру күні нақты сайлау учаскесінде сайлауды байқау. Сайлау барысын жариялау және тарату бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы болып табылады.

Байқаушы жүргізген фото-, дыбыс- және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бұл, егер олар заңнамада көзделген талаптарды сақтай отырып алынған болса, мүмкін.

Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде тәртіпті қамтамасыз ету үшін Сайлау учаскесіндегі тәртіп ережелерінде сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларды заңнаманың талаптары және оларды бұзғаны үшін тіркеудің күшін жоюды көздейтін жауапкершілік туралы ескерту жөніндегі қағиданы көздеуі керек.

Сайлау процесіне қатысушылар өкілеттіктерін іске асырған кезде сайлау туралы заңнаманың біркелкі қолданылуын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында, Конституциялық заңның 12-бабының 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Сайлау комиссиялары сенім білдірілген адамдарды, саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан байқаушыларды, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының (18-бабы 1- және 2-тармақтары, 20-бабы 2-тармағы), Конституциялық заңның (8-бабы, 20-бабы 8-тармағы, 20-1-бабы 2-тармағының 1) және 9) тармақшалары, 3-тармағының 4) тармақшасы, 27-бабы 1-тармағы, 31-бабы 2 және 4-тармақтары), Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (35-бабы 2-бөлігі, 42-бабы 3-бөлігі, 145-бабы), «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (15-бабы 1-тармағы), «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (19-бабы), «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (32-бабы 1-тармағы), «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (2-бабы 61) тармақшасы), «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (12-бабы), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының (33-тармағы), Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын нормаларын қатаң сақтасын.

2. Учаскелік сайлау комиссиялары Сайлау учаскесіндегі тәртіп ережелерін қабылдау кезінде осы қаулының 1-тармағында көрсетілген заңнама нормаларының талаптары мен шектеулерін ескерсін.

3. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жариялансын.

 

Қазақстан Республикасы

Орталық сайлау комиссиясының

Төрағасы

Б. Имашев

Қазақстан Республикасы

Орталық сайлау комиссиясының

хатшысы


С. Мұстафина

 

Нұр-Сұлтан қаласы,

2020 жылғы 4 желтоқсан,

№ 44/371

Back to top button