Жаңалықтар

2020 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

2020 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан шеңберінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Орталық сайлау комиссиясының отырысына саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері, БКБ режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында «ADAL» саяси партиясының тізімін тіркеу туралы;

2. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының сайлауында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының тізімін тіркеу туралы;

3. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы.     

 

Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.

Ол 2020 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «ADAL» саяси партиясы мен «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына кандидаттар ұсыну туралы құжаттарының тапсырылғаның хабарлады.

Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуға; Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жыл тұруға; 25 жастан кіші болмауға; белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі. Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.

«ADAL» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 16 адам бар. Оның ішінде 5 адам-әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,2 пайызын құрайды.

«Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 38 адам бар. Оның 14-і- әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,8 пайызын құрайды.

Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде, Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін «ADAL» саяси партиясының» және «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының» партиялық тізімдеріне енгізілген адамдардың Конституция және  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді.

«ADAL» саяси партиясы» мен «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының» партиялық тізімдеріне енгізілген барлық тұлғалар Конституцияның және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Осыған байланысты Ортсайлауком мүшелері екі қаулы қабылдады: «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда «ADAL» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің тізімін тіркеу туралы» және «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің тізімін тіркеу туралы».

Отырыстың үшінші мәселесі бойынша Ортсайлауком мүшесі Серік Сыдықов баяндама жасады. Өз баяндамасында ол өкілеттіктерді іске асыру, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушыларды тіркеу мәселелерін түсіндірді: сенім білдірілген адамдар; саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары; шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары; қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері; шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдары.

Кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүргізетін, кандидаттардың, саяси партиялардың мүдделерін білдіретін сенім білдірілген адамдары болуына құқылы.

Депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партия, өзіне кандидат берген өкілеттіктер шеңберінде әрекет ететін өкіл, ҚР азаматы сенім білдірілген тұлға бола алады. Сенім білдірілген тұлғаның мәртебесі оның тиісті АСК-те тіркелген сәтінен бастап туындайды. Сенім білдірілген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, жеке бастамасы бойынша, кандидаттың және партиялық тізімін ұсынған саяси партияның шешімі бойынша, сондай-ақ кандидатты, партиялық тізімді тіркеудің күші жойылған, «ҚР сайлау туралы» КЗ бұзылған жағдайларда өз мәртебесінен айырылады.

Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда айқындайды және олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.

Сенім білдірілген адамдарды тіркеу рәсімі ОСК-ның 2011 жылғы 21 қарашадағы «Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» № 62/108 қаулысымен айқындалған.

Сенім білдірілген адам ҚР азаматы болуға тиіс және қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адам бола алмайды.

Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан бір сенім білдірілген адам қатысуға құқылы.

Саяси партиядан, өзге де қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымнан байқаушылар.

Дауыс беруге арналған үй-жайда (үй-жайдан тыс) дауыс берудің өткізілуін, дауыстарды санауды, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясының (Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде), учаскелік сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздігін) байқауды жүзеге асыратын ҚР азаматы байқаушы болып табылады.

Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде ҚР әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан қатысуға құқылы.

Байқаушының мәртебесі УСК-да ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізіліп, тіркелген сәттен басталады. Учаскедегі дауыстарды санау хаттамасын жоғары тұрған комиссияға (аудандық, қалалық) беру аяқталғаннан кейін, сондай-ақ ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда байқаушы өз мәртебесін жоғалтады. Байқаушы өзінің мәртебесіне ие болады және барлық талап етілетін құжаттар ұсынылған және сайлау комиссиялары тарапынан барлық рәсімдік шешімдер қабылданған кезде ғана тиісті құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Сайлауды байқау үшін жеке тұлғаны жіберген заңды тұлғаның құжатына өкілеттігі ұйымның құрылтай құжаттарымен, ұйым басшысының өкілеттік беру туралы өкімдік құжаттарымен немесе ұйым атынан белгілі бір іс-әрекеттерді орындауға сенімхаттармен расталатын заңды тұлға қол қоюға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжат жеке тұлғаға берілетін өкілеттіктердің шекараларын (қандай сайлауды байқау үшін уәкілетті тұлға уәкілеттенеді; сайлау учаскесін және ол жіберілетін сайлау комиссиясының атауын көрсету), осы тұлға туралы мәліметтерді (тегі, аты және әкесінің аты) нақты айқындауға, сондай-ақ өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін шектеулердің жоқтығы туралы жазбаны қамтуға тиіс.

Заңды тұлғаның байқаушыны жіберу субъектісі ретінде құқықты қабілеттілігі оның тіркелу фактісін анықтау арқылы расталуы керек. Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін (қайта тіркелуін) растайтын құжат болып табылады.Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін растаумен қатар, оның қолданыстағы мәртебесі, яғни қызметінің тоқтатылуының және тарату рәсімдерінің басталуы фактілерінің болмауы талап етіледі

Бұл ретте сайлауды байқау үшін адамдарды жіберетін субъектінің қызметі оны құру мақсаттарына сәйкес келуге тиіс, өйткені Азаматтық кодексте олардың құрылтай құжаттарында нысаны және мақсатын көрсету міндеттілігі туралы нормалар көзделген. Демек, ұйымдар азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғауға қатысты жарғылық мақсатына сәйкес келетін жағдайда адамдарды сайлауды байқауға жібере алады.

Сайлау процесіне қатысу, сайлау учаскелерінде байқау және тұтастай алғанда азаматтардың саяси құқықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер ұйым жарғысының көшірмесімен расталуға тиіс.

Конституциялық заңға сәйкес шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін және (немесе) ықпал ететін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады. Осылайша, ҚР саяси партияларының, басқа да қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс.

Өз баяндамасы аясында Серік Сыдықов дауыс беру күні фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру бойынша байқаушылардың құқықтарының ерекшеліктеріне тоқталды.

«ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заң ұлттық байқаушылаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото -, аудио-және бейнежазбалар жасауға құқығын береді.

Сонымен бірге, бұл құқықты жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңда бекітілген дауыс беру құпиясын сақтау қағидатына қол сұға алмайды.

Тиісінше, фото -, аудио-және бейнежазба, сол сияқты байқаудың өзі де дербес деректердің, оның ішінде сайлаушылар тізімінің, толтырылған бюллетеньдердің және т.б. құпиялылығы сақталатындай етіп жүзеге асырылуға тиіс.

Бұл ретте «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото -, аудио-және бейне -) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санат болып табылмайды. Осыған байланысты учаскелік сайлау комиссиясы мен байқаушылар заңнама сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге жол бермейтінін ескеруі қажет.

Байқаушы жүргізген фото -, аудио-және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары.

ҚР СІМ ұсынысы бойынша ОСК жанында аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жеке тұлғалары шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылады.

Халықаралық байқаушы мәртебесі ол аккредиттелген кезден бастап туындайды. Халықаралық байқаушы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, ҚР заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары бұзылған жағдайда, сондай-ақ ҚР СІМ ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде өз мәртебесін жоғалтады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі олардың қызметі үшін негіз болып табылатын, ОСК белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері өз мәртебесін ҚР сайлауын байқаумен байланысты емес қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға құқылы емес.

Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі соңғысының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде бір аудармашымен бірге жүруі мүмкін; шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде сайлауды байқауды жүзеге асыра алады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден бір мезгілде қатысуға құқылы.

БАҚ өкілі учаскеде нақты болмаған (комиссияны ескертпей), сайлау заңнамасы бұзылған жағдайда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің не бұқаралық ақпарат құралы меншік иесі редакциясының өтініші негізінде сайлау учаскесіндегі өз өкілеттігін тоқтатады.

Журналист аккредиттелген мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар оған отырыстар, кеңестер және өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.

БАҚ өкілі сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген сайлау учаскесіндегі тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға міндетті (КЗ 39-бабының 2-тармағы).

Шетелдік БАҚ өкілі.

Шетелдік БАҚ өкілінің құқық қабілеттілігі ол ҚР СІМ-де аккредиттелген сәттен басталады. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚР СІМ жанында тұрақты негізде 39 шетелдік БАҚ-тың 166 өкілі аккредиттелді.

Шетелдік БАҚ өкілі сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, сондай-ақ шетелдік БАҚ журналисін аккредиттеуді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда өз мәртебесін жоғалтады.

«ҚР-дағы сайлау туралы» КЗ шетелдік БАҚ өкілін УСК-да тіркеу немесе аккредиттеу тікелей көзделмеген. Бұл ретте БАҚ өкілінің өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты және аккредитациясы болуы міндетті.

Шетелдік БАҚ өкілдері халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттеріне ұқсас.

Үшінші мәселенің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы» қаулы қабылдады.

 

Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өтті, онда Ортсайлауком мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.

Back to top button